ЖАЙЫНДА СИМПОЗИУМ

Қожа Ахмет Ясауи – түркі-ислам тарихында айрықша орны бар ұлы тұлға. Ол – Имам Матуриди қалыптастырған Матуриди мектебі мен Имам Ағзам Әбу Ханифаның құрған Ханафи мазхабын ұштастыра отырып, Ясауия тариқатының негізін қалаған ойшыл һәм Мәулана Жалалиддин Руми тұсында кемелденіп, толыса түскен сопылық ілімінің негізін салушы, күллі күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы.

Бүгінде адамзат баласының ой-өрісі кеңейіп, шарықтау шегіне жеткен шақта күллі әлем бір-бірімен етене араласып, қай салада болмасын жаһандану үдерісі белең алуда. Міне, осындай өзара ықпалдастық пен әрекеттестік күшейген тұста Қожа Ахмет Ясауиді тану және таныту мәдени һәм рухани мұрамызды сақтап қалумен қатар оны ғаламдық деңгейге көтерудегі аса маңызды міндеттердің бірі екені даусыз. Өйткені, ол – адамзат баласының ой-өрісін дамытуға және кемелдендіруге бағытталған сопылық ілімі мен еңбектері арқылы тарих беттерінде өзіндік өшпес із қалдырған.

Бұдан бөлек осы заманғы діни мәселелердің де шешімін табуға жол сілтеген Қожа Ахмет Ясауидің өскен ортасы, тұлғасы, дүниетанымы, сондай-ақ оның дін, адам және қоғам туралы көзқарастары мен шығармалары әлі де болса өз деңгейінде зерттелмеген. Сондықтан, осы кемшіліктің орнын толтыру және данагөй бабамыздың ұлы мұрасын жан-жақты зерттеуге үлес қосу мақсатында «Қожа Ахмет Ясауи» атты халықаралық симпозиумды ұйымдастыруға шешім қабылдап отырмыз.